Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру және құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу жүйелі әрі ведомствоаралық тәсілді талап етеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында жасөспірімдер қылмысының 47%-ға өсуі тіркелді (65-тен 96-ға дейін). Бұл ретте жасалған 96 қылмыстың 44-і ауыр және аса ауыр санатқа жатады (2024 жылы — 31). Әрбір төртінші қылмыс — ұрлық (96-ның 25-і), 20%-ы дене жарақатын келтіру фактілеріне тиесілі (96-ның 20-сы), 11%-ы — автокөлікті заңсыз иемдену (11), 9%-ы — бопсалау (9).
Қылмыс деңгейінің өсуі келесі өңірлерде байқалды: Өскемен қаласында — 63%-ға (30-дан 49-ға дейін), Алтай ауданында — 160%-ға (5-тен 13-ке дейін), Риддер қаласында — 233%-ға (3-тен 10-ға дейін), Глубокое ауданында — 350%-ға (2-ден 9-ға дейін).
2024 жылмен салыстырғанда жасөспірімдік кезеңде қылмыс жасаған тұлғалар саны 58%-ға артты (53-тен 84-ке дейін), олардың біреуі бұрын шартты түрде сотталған (Сакеев М.).
Кәмелетке толмағандар тарапынан ауыр қылмыстардың жасалуына ықпал ететін негізгі себептер мыналар болып табылады:
– ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғылықты жерінен тыс бақылаусыз жүруі;
– алкоголь өнімдерін сатып алу және тұтыну мүмкіндігінің болуы, бұл өзін-өзі бақылаудың жоғалуына, агрессивтіліктің артуына және қақтығысты мінез-құлықтың қалыптасуына әкеледі;
– пышақтар мен өзге де шаншып-кесетін заттарға еркін қол жеткізу, оларды алып жүру және сақтау;
– профилактикалық жұмыстың тиімділігінің төмендігі, жастар ортасындағы қақтығысты жағдайларға уақтылы ден қоймау. Оқушылар арасындағы көптеген қақтығыстарды ерте кезеңде анықтап, алдын алуға болады;
– қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін балалар мен олардың ата-аналарына бақылаудың әлсіздігі;
– жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу.
